Қазақша газет неге қат?

    ГазетаКөнекөз әжем үйде бірде-бір қазақтілді газет болмаса, сыбағамызды беретін. Міне, айтқанын екі етпес үшін мен газет іздеу “саяхатымды” бастадым. Олай айтуымның себебі қазір отандық басылымдарды газет сату пунктерінен табу қиямет. Себеп – біреу. Сатушылардың сөзіне сенсек, қазақтілді газеттер саудада кіріс әкелмей, өтпей қалады-мыс.
    Ия, көшеде жүріп келе жатып жан-жағыңызға көз салсаңыз, газет сататын дүңгіршіктерден көп жаратымды ештеңе таба алмайсыз. Алыстан қарасаң, көзіңнің жауын алатын газет-журналдар. Солардың қатарында, отандық, соның ішінде облыстық басылымдарды, атап айтсақ “Ақтау-ақпарат”, “Маңғыстау” газеттерін таба алмай дал боласың. Шетелдік әрі менталитетімізге жат газеттер біздің қоғамның дамуына оң нәтиже бере қоймасы анық, оның үстіне “жоқ” деп мырс ететін өзге ұлт сатушылар, әрине, қазақтілді газет-журналдарды сатылымға алмайды. Ал орыстілді басылымдардан төл газет-журналдардың несі кем? Оқитын нәрсе жоқ емес, бар. Сапалы һәм қызықты. Облыс тұрғындарының жартысынан астамы қазақтар екенін ескерсек, бұл жай ғана сылтау іздегенмен тең болғаны.
    Жалпы статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 2970 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген, олардың қатарында 2756 мерзімдік басылымдар бар. Оның 453-і ғана қазақ тілді болса, 2303-і орыс тілінде жарық көреді. Оған қоса елімізде Ресейдің 5248 басылымы таралған, барлық сегіз мыңға жуық БАҚ-тың 7551-і орыс тілінде, 453-і қазақ тілінде жарияланады. Осы отандық басылымдардың біздің өлкеге тым болмаса жартысы келе ме? Ол жағы тұман.
    Менің ойымша, бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыдан қарауымыз керек. Ресми комиссия құрып, осыны қадағалаған жөн. Оған қоса біздер, жастар, отандық басылымға сұранысымызды арттырсақ, сөрелеріне өздік емес өзге тілді журналдарды жайғастырған дүңгіршіктерден қазақтілді газеттерді талап етсек, қоғамның дамуына және осы секілді олқылықтардың жойылуына өз үлесімізді қосар едік.

    Оставить комментарий