«Кондиционер» адам өлтіреді ме?

    cond-montazhҚазір қырық күн шілде, нағыз аптап ыстықтың кезі. «Үйде салқындатқышсыз отыру мүмкін емес», дейді кіммен сөйлессеңіз де. Алайда, адам өмірінде маңызды құралға айналып бара жатқан жазда терлетпейтін, қыста тоңдырмайтын «кондиционер» деген құдіреттің пайдасымен қатар, зияны да бар ма? Осы туралы арнайы зерттеп көргенімізде оның зияны шаш етектен екенін білдік.Жаз мезгілінде адам көп терлейді. Бұл біз үшін өте пайдалы. Тер арқылы денедегі артық заттар, яғни микроэлементтер мен тұз шығады. Ал, салқындатқыш адам денесінен тердің шығуына кедергі болады. Табиғи тер шығу процесі жүрмесе, адам ағзасы әлсіреп, иммундық жүйесі де төмендей түседі. Бөлме былай тұрсын, кондиционер жүйесімен жабдықталған үлкен ғимараттарды салқындату жүйесінде микроағзалар тым көп болады. Бұл ғимаратта көп уақытын өткізетін адамдар өкпе ауруы сияқты қатерлі дертке шалдығады. Сондай-ақ, кондиционер құрылғысында болатын аэрозольдар адамдардың тыныс алу жолының, өкпе ауруының жұқпалы ауруына, өкпенің қабынуы тектес сырқаттарға себеп болады. Аурухана, мектеп, жұмыс кеңсесі секілді адам көп жиналатын жердегі кондиционердің жай-күйін қайта-қайта тексеріп отырған жөн. Аурухана тазалығы — адам денсаулығы мен өміріне тікелей әсер ететін фактор болғандықтан ондағы жұқпалы аурулар мен басқа да дерттерді болдыратын микроағзаларды жойып, залалсыздандыру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыру керек.
    Кәдімгі тұрғын үй, мекемелерде орнатылатын кондиционердің техникалық құрылысы мен орналастырылуы санитарлық талаптарға сай болмаса, адамға дереу «легионеллез» атты ауру жабысады. Бұл ауру кондиционер компрессорынан бөлінетін су тамшыларынан пайда болады. Кондиционердегі «Legionella pneumophilia» деп аталатын бактерия өлімге жеткізетін өкпе қабынуына ұшыратуы мүмкін, дейді мамандар. Оған түрлі микроағзалар жиналады. Жиналған бактериялар «легионеллез» деп аталатын қауіпті ауруды тудырады. Аурудың алғашқы белгілері суық тигендей болып, жөтелу, ентігу, ауыз кеберсуі басталады. Көпшілік адамдар бұл аурудың кондиционерден екенін білмей, «тұмау тиді» деп ойлап жүре береді. Дәрігерлер де сондай тұжырым жасайды. Ал, дерттің шығу ордасы – кондиционер. Оны анықтайтын зертхана тек Астана қаласындағы санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталығында ғана бар көрінеді. Мұны жариялап отырған да, ауру түрін анықтап берген де Астана қаласындағы санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталығы. Ал басқа аймақтың «кондиционер сүйгіштері» өздерінің «легионеллез» ауруына шалдыққанын қайдан білмек…
    Адам табиғаттан алыстап барады деген сөз ХХ ғасырдың ортасында-ақ айтыла бастаған. Жер анадан алыстағанды былай қойып, адамның өзі өз денесінен, өз болмысынан алыстап бара жатыр десек артық айтқандық болмас. Күн ұзақ кеңселерден шықпайтын қалалықтар үшін жыл он екі ай терлемеу деген үлкен апат екенін айтудан жалықпауымыз керек. «Ауру желмен кіріп, термен кетеді» дейтін аталарымыз. Ендеше тым құрымаса жазда терлеп жүрейік, ағайын.

    Маман пікірі:
    – Кондиционердің адам денсаулығына тигізер зияны мол. Жаз кезінде болатын созылмалы бронхит, кішкентай балаларда өте жиі кездесетін остеохондроз ауруы соның салдарынан екенін көпшілік ескермей жатады. Қазіргі кезде жедел жәрдем бөліміне кондиционер салқынынан болған бас, жүйке жүйесінің ауруымен науқастар түсіп жатыр. Тамақ ауруының (ангина) асқынуымен келген адамдардан себебін сұрағанда, түнімен салқындатқыш қосып жатқандығын айтады. Түні бойы кондиционерді қосып қою өте зиян. Одан да алдын ала бөлмені салқындатып алып, ұйықтар кезде терезені ашып койған жөн. Бүгінгі күні кондиционер салдарынан болған аурулар саны айтарлықтай көп емес, бірқалыпты. Адам өлімі болған жоқ. Қазіргі сплит системалар бөлменің ішіндегі ауаны алып, оны қайтадан бөлменің ішіне айдап отырады. Ал бұл аллергиялық реакция береді. Салқындатқыштан бөлмеге жіберіліп тұрған шаң әсерінен астма аурулары өршиді. Кішкентай балаларды кондиционер қондырылған бөлмеде ұстауға болмайды. Сондықтан да перзентхана бөлмелерінде салқындатқыш қоспаймыз.

    Гүлмира ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ
    Ақтау қалалық жедел жәрдем бөлімінің маманы

    ushqiyan.kz

    Оставить комментарий