Әр сүрінгеніңді «бақыт» деп біл!

    1263169524_1Кез келген жұмыр басты пенде бақытты болуын қалайды. Бақыт әр жан үшін көкірегінде түрліше түсінікке ие: дәулет, денсаулық, жұмыс табу, кешегі ҰБТ-дан жоғарғы балл алу не жоғарғы оқу орнына түсу. Ия, жақсылықпен қатар жамандық та қатардан қалыспайтыны тағы бар. Сағымыз сынады, көңіліміз сеңдей соғылысады, аяғымыз аспаннан түседі. Бірақ кейде сәтсіздікке ұшырауымыз игі істің бастамасы екенін біле бермейміз. Тіпті бұл сөзге сенбейтіндер де жоқ емес. «Қалай сонда?» деген сұрақ туындаған шығар.
    Кез келген телехикая, кинофильмдерді мысалға алуға болады. Морально бұл фильмдер өтіріктің өрге өрлемейтінін баса көрсетіп, жақсылыққа үндейді. Басынан бағы тайған кейіпкердің ақыр соңында жұлдызы жоғары болады. Қазақ киноиндустриясындағы «Астанаға көктем кеш келеді» фильмінің сценариіне шолу жасайық. Бас кейіпкер Назымның өмірі баяндалған-ды. Ол — ауылдың тумасы. Жағдайы нашар болған соң, жаңа қалаға, Астанаға, келіп мінер ат, ішер ас үшін маңдай терімен ақша табуға келеді. Құрылысшы болып жұмысқа орналасады. Белгілі жағдайға байланысты тосыннан жүкті болып қалады. Баланың әкесі тасжүрек екен, «бала менікі емес» деп Назымның қолтығынан су бүркіп, оған теріс қарайды. Үй ішіне айтуға батылы бармайды. Он ойланып, мың толғанып шақшадай басы шарадай болған Назым «баланың күнәсі жоқ» деп, жарық дүниені көргіздіреді сәбиге. Сәбидің үнін һәм оқудың жүгін қос арқалау келіншекке ауыр тиеді. Қайсар қыз ауыртпашылыққа мойынсұнбайды. Қанша жығылса да, сүрінсе де, басын тік қойып, алға ұмтылады. Түнді түнге ұластырып, таңды таңға жалмап өткен күндері бақыт таңымен атады. Мінеки, бірер жылдан соң баласын алдыңғы қатарлы оқу орнына беріп, өзі ірі құрылыс компаниясының бастығы болады. Ал жалтарып кеткен әкесымақ Назымның жүргізуші қызметіне тұруға ұсыныс жасайды. Кинокартина «ақ жүрген азбас» дей келе, жақсылықтан тайған әкені соңында жиіркенішті етіп көрсетеді. Жалпы мазұны осындай. Өй, өмір тек кинода «тәтті» боп көрінеді деушілерге шын болған оқиғаны паш етейін. Жарас ағай туралы болмақ. Жо-жоқ, ол қол астында бірнеше бағынышты қызметкерлері бар бастық емес, мұғалім. Бірақ қандай десеңізші…
    Жарас ағай Кеңестік заманда өз қолы өз аузына жететін, қара қылды қақ жарған отбасында дүниеге келген. Сүйікті ісі кітап оқу болса керек-ті. Оның бұл ісі тілге шешен, сөзге жүйрік болып өсуіне ықпал еткен. Әдебиетке деген сүйіспеншілігі мектеп қабырғасынан басталған. 10 жыл алтын ұя мектебін бітірген соң, от ауызды, орақ тілді жас өрен ақай-тоқайға қарамай ҚазҰУ филфакқа(филология факультетіне) түсуді көздейді. Оқу орнына түсу ережесіне сай шығармалары үздік деп бағаланып, 2 шығармашылық емтиханды «5» деген бағаға тәмамдайды. Келесі кезектегі ағылшын пәні көкірегінде оқуға деген оты жалындап тұрған баланың меселін қайтарады. Өзге тілге шорқақтау Жарас автоматты түрде «3» деген баға алады. Ал ол өз кезегінде оқуға түсуге мүмкіндік бермейді. Соры қайнап, сорпасы төгілген жеткіншек ауылда бос сандалып, мал бағып жүруге мәжбүр болды. Тура бір жыл өткен соң, қайтіп сол оқу орнына келіп, тағы да бағын сынап көрмек болған. Жолда алғашқы махаббатын көріп, әңгімелесіп, жағдайын айтқанда, кездестірген құрбысы Жарасты өзі оқитын Қарағанды қаласына келіп тапсыруын өтінеді. Жарас та батыл екен, Қарағандыға барып «тарих» факультетіне түседі. Мінеки, «Асықпаған арба мен қоян алады» демекші, ол апталдай азамат болды, алғашқы махаббаты өмірлік жары болды. Жұмысын тауып, ойдағыдай өмірі жалғасып, «оқуға түспей қалғаным-ай» деп аһ ұрғанын ұмытып, тіпті «жақсы болған екен» деген ойға келді. Қазір ол қаламызда беделді, сарабдал ұстаздардың бірі. Кез келген мұғалімдер кеңесінде тісі бататын деңгейде. Оқушылар алдында — сыйлы, мұғалімдер алдында — қадірлі. Осылайша өзі өткеніне өкінбейді, күлімсіре қарайды.
    Жүніміз жығылып, иығымыздан су кететін кездеріміз аз емес. ҰБТ-ны тағы да айтып кетпеуге болмайды. аз алдың, тіпті сүріндің, өмір тоқтамайды. Мейлі алдыңғы қатарлы оқу орнында оқымай-ақ қой, әрине, өкінішті,- күдер кесіп, үміт үзудің қажеті жоқ. Мұқағали ағамыздың мына бір сөздері әрбір көкірікті дәйім алға жетелесін:
    Ей, өмір, сиын маған;
    Сиыңды алам мен сенің бұйырмаған!

    (Адам есімдері сценарий бойынша алынған)

    Оставить комментарий