Өзекті өртеген “өкініш” әңгімесі

    boy «Ана алдында — құрмет!»
    Үй тым-тырс. Көзіме күн сәулесі түсіп тұр. Сағатқа қарасам, түскі бірдің шамасы. Соншама ұйықтағаныма жол болсын. “Сабаққа бармай, ұйықтағаным ба” дей бергенде, есіме түсті: ерте анамның оятқаны, шәй ішіп, қайта жата қалып еркелікке бой бергенім – бәрі есімде. Төсегіме оранып алып, ояу жатқандай сыңай келтіргенде, анамның: “Бармай-ақ қой, дала болса саршұнақ аяз, көктайғақ,”- деп сылтауратқаны шығар, сірә, бұла баласын еркелеткені ғой. Есіме түсті. Еріксіз езу тарттым.
    Қыстың көзі қырауда, жыл мезгілінің нағыз қаһарына мінген кезі. Өкпек желдің өтінде жаттым. Тіпті төсектен тұрғым келмеді. “Жатқан науқас адамға жарасады” деп тұрып, шайынып, жуынып, асханаға да аяқ жетті. Терезеге қарап, ауа жұтып, терезенің арғы бетіндегі ақ қар дәтке қуат, көңілге медет боларлықтай. Су қайнап жатыр екен, шәйім дайын болды. Салмақтап отырып, бір аяғымды екінші бір аяғымның тізесіне қойып, шәйімді ұрттап-ұрттап, бір ойға баттым. Көрген адам: “Ұлы жаңалық ашатындай ойланып отыр, бір ғалымсымақ!” – дері рас. Бар ойым – бүгінгі күнімнің жоспарында. Ішімнен бір пысықтап жатқан кезімде…телефон шырылдады. Тұла бойым тітіркеніп, құйқа тамырым шырылдады. Әуелі ойыма сынып жетекшімнің бейнесі келді. Әрине, сабаққа себепсіз бармаған оқушының ойы сондай болары соқырға таяқ ұстатқандай. Үйде менен басқа ешкім жоқ. Телефон шырылдады,- мен жауап бермедім. Телефон соғушының сабыры мықты екен. Біраздан соң шырылдауы құлақ кескендей тиылды. Сабақтан бекер қалғаныма қапалана бастадым. Көңілім сеңдей соғылысты.
    “Сыйға – сый, сыраға — бал” демекші, жүрегі ақ, көңілі пәк анамның таңертеңгі маған жасағанына үй жинақтасам, жұмыстан шаршап келген оған кішігірім “сыйлық” болар деген оймен жұмысыма кірістім. Үй патшасы – шаң-ай…Кеше ғана сүрткен терезенің алды тағы да “таз кебін” киді. Әлбетте, бұл – заңдылық. Уақыт өте берді. Бір әннен соң, екінші ән. Сөздерін жаттап алғаным ғой, арасында әнші болып та қаламын. “Әуендетіп жүргенде, шаруаң тез аяқталады” деген көпшіліктің сөзі шын екен деп қаласың.
    Шегелейтінді балғалап, сынғанды жөндеп жүргенде есік жақтан тықырлаған дыбыс естіледі. Музыкалық орталықтың үнін өшіріп, дереу есікке жүгіріп, ашып қарасам, жан адам жоқ. Естілген де шығар, бәлки үй-жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан көршілер болар.
    Үй жинап болдым, қол-аяғым іс-әрекетсіз орнында. Кеш. Солғынданып күн ұясына батуда. Кешке таман анам жұмыстан үйге оралды. Қызуланып келді. Ауырып емес, маған ашуланып. Әрине, өзінше түрліше жорисың: “Қай жерде ағаттық кетті?” Сұраққа жауапты үйге кіре берісінен естідім:
    — Неге телефонға жауап бермедің? Әлі ұйықтап жатқаның ба? Әй, қалқам, о дүниеде ұйықтайсың, — деді ашынғанында шыққан ащы дауыспен.
    — Не болды? Сіз бе едіңіз?
    — Ия, мен…-деп, соққан себебін түсіндіре бастады.
    Үйге газ тексеретін қызметкер келетінін ескерту еді – телефон соғуының
    басты себебі. Тіпті үйге үшінші рет келіп тұрғаны қызметкердің. Алғашында үйде ешкім болмай қалып, үшінші рет келуін әрең дегенде көндіргенін айтты.
    — Сендерден не қайыр?! Ертең өзім қалып қайта шақыртатын болдым ғой, — деп қолын бір сілтеп отыра берді.
    Қысылғаннан кірер тесік таба алмадым. Бұл оқиға өмірлік сабақ болды.

    Оставить комментарий