Домбыра жүрегіммен үндес едің,
Өзіңмен сырласымдай тілдесемін…
Бабамған қалған мұра сен болмасаң,
Өмірдің не екенін білмес едім, — деп қазақтың маңдайына біткен ақыны М.Мақатаев айтқандай, балғадай сақа жұрт қазақ халқының қилы-қилы жыр-дастандары мен сан алуан ән-күйлері бізге, кейінгі ұрпаққа домбыра арқылы жеткен. “Елім дегенде, етегі жасқа толатын, қазағым дегенде, қабырғасы сөгілетін” кез келген қазақ ұрпағы көне саз аспабын киелі деп санап, көздің қара шығындай қадірлеп сақтайды.”Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра” дегендей, бойына қазақтың қаны сіңген һәм қазақтың сүті дарыған халқымыздың той-думаны домбырасыз өтпейтіні де хақ.
Домбыра – қазақ халық арасына өте ерте әрі кең тараған саздық аспап. Ол ішекті, шертпелі аспаптар санатында. Қос ішекті, мойнында он тоғыздан жиырма екі санына дейін пернелер байланған домбыра күйші-сазгерлердің күмбірлеген “көмейі”, боздаған “үні” мен сұңқылдаған “тіліне” айналып отырған. Осы домбыра құдіретін танытқан, күй атасы – Құрманғазы Сағырбайұлы екені еңбектеген сәби мен еңкиген қарияға мәлім. Атамыздың саусағынан тамған күйлері мидай даланың үніне, иесіне және түсіне, әуен мен үндестіктің таза ауасына толы. Тарихи шежірені, ғасырлар сырын сақтаған, талай күйлерді төккен домбыра халықтың тұрмыс-тіршілігімен етене байланысты. Осы күйлердің шығу тарихын білеміз бе? Домбыраның майда, қоңыр даусынан шыққан құлаққа жағымды естілетін күйлердің ұғымын түсіне білеміз бе? Міне, сұрақтар төңірегінде “ертегі болмаса да хатта қалған, аузында шежіренің қартта қалған” деп, тарих парақтарын ақтара отырып, Құрманғазының “Кішкентай” күйінің қалай пайда болғанына тоқталсам…
Ердің ері, егеудің сынығына лайық халық батырлары Исатай мен Махамбет бастаған халық көтеріліс жылдары.Құрманғазы мен Динадай түлеп ұшқан өнер майталмандарын өсірген Нарынның Жиделі деп аталатын құмында қозы бағып жүрген 11-12 жасар бала кенеттен шыққан дүбірге елең ете қалады. Қару-жарақ асынған, найза, айбалталы қалың қол хан ордасын бетке алып тарта берді. Бала өзін қолына ту алып, арғымақ ат үстінде сонау сарбаздармен бірге бара жатқандай сезінді. Бірақ олар қайда барады, кім үшін жорыққа аттанды – бұл туралы бала ой елегінен өткізіп те үлгермеді.
— Аға, ағатай! Мені де ала кетіңізші! – деп айқайлады бала үріккен қозылармен ісі
болмай, аттыларға қарай жүгіріп.
Алпамсадай қақпақ жаурынды, қызыл шырайлы кісі ат басын тежеп:
— Атың кім, қалқам? – деді балаға иіле, жылы жүзбен қарап.
— Құрман…Құрманғазы. Сағырбай баласымын.
— Кішкентай екенсің, қарағым. Жігіт болған соң, әлі-ақ ағаларыңмен бірге жорыққа
аттанарсың…-деп аттылы жүріп кеткен.
Әлқисса, сондағы бала атақты композитор Құрманғазы да, аттылы Исатай Тайманұлы еді деседі.
…Бірде Құрманғазының замандастары:
— Мына бір тамаша күйіңізді неліктен “Кішентай” деп атадыңыз? Бұл “Кішкентай”
деуге келмейтін, күйлеріңіздің ішіндегі шоқтығы биік дүние ғой, — дегенде, Құрманғазы күрсіне отырып:
— Несін жасырайын, бұл күйді мен Исатай мен Махамбетке арнаған едім. Ал Исатай
мен Махамбет кім, мен кім? Олар халқының қамын ойлаған биік шың, асқар тау, ал мен кішкене төбешік емеспін бе? Сондықтан мен сияқты кішкентай ғана пенденің Исатай, Махамбет секілді алыптарға арнаған күйі болған соң, оның атын “Кішкентай” қойдым, — деп жауап беріпті.
“Кішкентай” күйі кішкене інінің ағаға деген сәлемі ретінде туған екен.
Шоқтығы биік дүниенің жоқтығы білінбес!
1 июня 2011 0:16, Admin:
Оставить комментарий