Жылдағы әдет бойынша, биыл да бас қаланың туған күні жат жұрттықтар сайран салатын думанға айналғалы тұр. Жыл сайын «жаңа жұлдыздарды жағатын» Астана әкім-қараларының әдеті бұлжымайтын дәстүрге айналғандай. Сұрақ туады. Осындай идеяны кім айтып жүр? Қай данышпан алаштың тойы шетелдіксіз өтпесін деп үстелді ұрған? Арам да болса бір ой айтады, Президентке помпезді сөздерін аямайтын, «Астана — Петербормен пара-пар» деп жүрген пысықайлар болуы керек. Петр еуропаға аузын ашса, қазіргі Ресейдің ұлы мәдениетін қалыптастырған, театрды да, балетті де, операны да, живописьті, мүсін мектебін де әкелген сол неміс, француздар еді. Ал біздің әкімшілік әспеттеп жүрген Не Йо мен Тимати бізге қандай мәдениет әкеліп, неменеге үйретеді? Тағы бір ой айтады, бұл ең алдымен өзінің қазақ екеніне ұялатын, кеңестік комплекстерден әлі де арылмаған адамдардың ісі. Өмір бойы жалпақтап өткен, біреудің шашбауын көтермесе көңілі көншімейтін шенеуніктердің ісі бұл. «Қазақпын» деп көкіректі керіп, арқаның самалына маңдайын төсеп, бір көсілетін күнде ұшақтан түскен «ұлыларға» бәйек болып, су құюшылықтан барақат табатындардың ісі. Ал біз… Ал біз жылда, Уитни Хьюстон, Крейг Дэвид, Стинг деген есімдерді естіген сайын мазамыз қашады. Неге дейсіз ғой? Осылай өрлеп-төстей Леди Гагаға жеткенде, қазақтың қазынасы да таусылатын шығар. Астананың тойына қаржы миллиондап емес, миллиардтап құйылып жатыр емес пе?.. Сонымен, биылғы тойдың құрметті қонақтары: Сергей Безруков, Стинг, Лара Фабиан, Игорь Крутой, Сара Брайтман. Ал гала-концертте Джей Шон, Тимати, Араш, Квест Пистолс, Градусы дегендер «құлағыңыздың құрышын қандырады». Мейлі, Сара Брайтман «Мысықтар» мен «Опера елесінде» шырқайтын шығар, бірақ біз үшін бейтаныс әйел ғана ғой. Оны және басқа да ұсақ-түйек шуылдақтарды шақыруға қандай қажеттілік болды? Сіз шынымен ойлайсыз ба, өмірінде атын да, құдай біледі, бірінші рет естіп тұрған Астананың тойында Стинг шын жүректен ән айтады деп? Ол қазақтың мәртебесі өсіп, Астанасы асқақтай берсін деген жүрекжарды көңілмен келе жатыр дейсіз бе? Саңылау жоқ қаса надан емеспіз, әлемге танымал әншілер ел-елді аралап концерт беретінін білеміз. Көршілес Ресейге де шетелдік жұлдыздар ат басын бұрып тұрады. Бірақ мемлекеттік мерекелеріне бір шетелдік те мұрнын сұға алмайды. Олар басқа күндері, өз ақшасымен ұшаққа билет алып, өз ақшасымен концертін жарнамалап, өз ақшасымен зал жалдап, өз аяғымен келген тыңдарман сатып алған билеттен табыс табады. Ресейдің үкіметіне салық төлейді. Ал неге, біз, қазақтар, Үкіметтің ақшасын шығындап оларға жалаулатып жарнама жасап, қонақүй жалдап, жол-пұлын өтеп, төбемізге көтеріп күтіп жіберуіміз керек? Намыс қайда сонда? Мысалға деп айтайық, Стингтің концертіне ең арзан билет 7000 теңге тұрады. Әрі қарай 10 мың, 25 мың, 50 мың және 100 мыңға (!) дейін шығады. Крутой мен Фабианның концертін балконнан көру үшін 5 мың теңге төлесеңіз, бельэтажы 8 мың, ал партер 15 мың екен. Ең қызығы, осы 15 мыңдық билеттердің бірде-бірі қалмай сатылып кеткен. Екі күн болатын Сергей Безруковтің спектаклінде де дәл солай. Сонда деймін, ақыры олар ақшаны күреп кетеді. Неге өз қалтасынан жарнама жасамайды? Солардың дәулетін неге біз, Қазақстан халқының есебінен еселеуіміз керек? Мемлекеттік мерекеде мемлекетшілдік ұран болуы керек емес пе! Осындай орайлы сәтте оң-солыңа танытпасаң, өз әншілеріңді кім таниды? Кім менсінеді?
Не керек, Игорь Крутойды шақырмаса іші ауыратын шенеуніктер оны ойламайды. Он жылдан кейін Пласидо Доминго осы сахнада тұрып қазақ тілінде (тілі келмесе де) ән салған деп мақтануға болады. Ал Джей Шон келіп, «жынын шығарып» кетті дегеннің қай жері мақтаныш? Бас қаланың тойының бас концертіне отандық орындаушылардан Динара Сұлтан, Лидо, “Не все сказано” тобы сияқты орыстілді еркелеріміз ентелеп тұрса, қазақы иісі барлардан Ерболат Құдайбергенов пен жергілікті «Бәйтерек» қана бар. Сонда сонау Лондоннан Сара Брайтманды, Мальмеден Арашты алдырғанда мұрнымыздың астында тұрған Алматыдан «МузАртты», Рамазан Стамғазиевті, Мақпал Жүнісованы шақыра алмадық па? Былтыр, ұлы той болғанда үш күн бойы «МузАрт» Астанада жүрді. Бірақ бір ән айту мәртебесі бұйырмады. «Ауылдағының аузы сасық».
Бірнеше жыл бұрын Уитни Хьюстонды әспеттеп, Елордаға аттай қалап, концерт беруге шақырғанбыз. Көрдік әуселесін. Отандық өнерпаздардың бірде-бірі бөленбеген бұл құрметтің құнын біле алмады ма, сахнаға масаң шыққан Уитни мазақ қылды елді. Серов былтыр бір жарым сағаттық концерт беріп, соңында «рахмет» деп айта қояйын десе, микрофоны өшіп тұрғаны білініп қалып, масқара болған. Бір жылдары тіпті жалаңбұт қыздарды шақырып шерулеттік. Сонда бұл кімнің тойы? Кім үшін жасалып жатқан той? Неге өз тойында еңсесін тіктеп, өзін батыр, намысты, талантты, өнерлі сезінудің орнына алаш баласы қорланып, мазақталып қала береді?
Не керек, «отыз күн ойын, қырық күн тойында» бір-екі шараға ғана ішіміз жылыды. Ол — Нұржамал Үсенбаева мен Роза Рымбаеваның жеке концерттері және… асық ату турнирі. Алшыдан түсер күн қайда-а-а…
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ
Халық сөзі газеті
Оставить комментарий