«Жетім көрсең, жебей жүр»
Екі өкпесін қолына алып, оқушы бала сабағына келе жатыр. Таңертеңгі алғашқы қоңыраудың соғылғанына біраз болды. «Өлмегенге өлі балық» демекші, қырсық шалғанда, діттеген кабинет мектеп ғимаратының арғы шетінде. Апыл-ғұпыл келе жатып, үй тапсырмасын ойша қайталап қояды. «Жету жолаушы мұраты», мінеки, керек кабинетке жетті. Есік алдында біраз ішінен күбірлеп тұрды да есік қақты. Күмбірлегенінен, есік қағудағы іс-әрекетінен баланың абыржып, секемденіп, денесін қорқыныш сезімі билегенін байқамауға болмайды.
Сыныпқа кіріп келеді. Терең дем алмай, сөйлей бастады:
— Сәлеметсіз бе?! Кешіріңіз, кіруге…кіруге бола ма?
Ұстазы сүзеген бұқаша қарап:
— «Баяғы жартас — сол жартас»,қайда болдың? Бұ жолғы кешігуіңнің себебі не?
Бала тіс жарып, тіл де қатпады. Бәлкім, айтар сылтауы да, күдит сөздерінің де аяқталғаны шығар.
«Отыр» деген рұқсат алған соң, өз орны , ең соңғы партағы барып отырды. Күнделікті орны. Жалғыз отыратын орны. Сыныптастары да бар болсын:адам құрлы көрмейді оны. Ас іше алмас кір жеңі, төрге шыға алмас балағындағы шаң, киімінің жыртық-жыртық тұстары да қылаң береді; бетінің түсі қара, аузынан сасық леп шығатын баланы кім жақтырсын, әрине, жиіркенеді, атүсті қарайды. Құдай-ау, есімін айтсаңызшы. Мадақ па, мазақ па деп қаласың?! Қазанбас…Есімі сыныптастары арасында мазақ нысанасына айналғаны бар.
Соңғы уақытта көзі шүңірейген, жүзі бозарған. Сөзінен қуаныш нұры шашылып тұрғанымен, ішінен бір күйініш байқалады. Сабақ біткен соң, үйге асығады. Ас, ұйқы деп емес, анам деп…
Қазанбастың үйі сонау қаланың ана бір тұсындағы станцияда. Барып келудің өзі — ерлік. Баланың қалтасында ақжа жоқ. Жаяу барады сабаққа, сол екі аяқпен үйге оралады. Автобуспен барумен ақшасы жетерлік, бірақ өзіне қия алмайды. Анасын, отбасын ойлайды.
Ол — анасының атұстар жалғыз перзенті. Қарындасы Айнұр балабақшаға барады. От кешіп, мұз төсенген анасы балаларына отқа күймейтін, суға батпайтын мықты боп көрінген еді. Әкесіз қалған бейкүнә сәбилерді арқалап, басынан құс, аяғынан ит жүгіртпей алақанында өсіреген ана «отырса опақ, тұрса сопақ» боп қалды. Жұмыс жасауға дәрменсіз жағдайға түсті. Алатын жәрдемақысы емделуге жетпейді. Ішіп-жеуге азық түліктер, аяқ алғысыз салықтар — «былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынады», қалай тартсаң да жетпейді.
Бала анасына алаңдайды. «Ауырғаннан аяған күштірек» демекші, анасын көзінен таса қылмауға тырысады. Атқарар жұмыстары уақытымен жоспарланып қойғандай. Айнұрды балабақшаға апарады, әкеледі. Мектепке кеш қалуының себебі осында. Далаға шығып, аз-маз серуендеп қайтады. Серуендегені де қызық: кешқұрым келген пойыздарды қарсы алады. Шыққан жолаушыларға қарайды, жеке-жеке қарайды. Күтеді ол, күтеді. Ғашығын ба? Келер хатты ма? Жо-жоқ, әкесін сарғая күтеді. Әкесі майданға кеткелі көрінбеген, хат та келмеген. Көңілдің терең түкпірінде бұйығып,жан дүниесін жарып шығуға тәуекелі жетпей тұншыққан әкесіне деген сезім бала жүрегін өлі дегенге сендірмейді. Әттең, бірақ әкесінің қарасы көрінбейді.
Өршіл өрен өмірдің ащы тұстарына мойынсұнбайды. Өмірге құштарлығы мол оның алға қойған мақсаттары да биік. Асқақ арманы — машинист болу. «Машинист болсам, әкемді іздеп тапсам, жұмыс жасап, анама қажетті ақша тапсам» деп жалбарынады бір Тәңірден. Армандарының орындалатынына сенеді.
Ұстаздарының Қазанбастың кеш қалып келетініне үйренсе керек-ті. Бірақ бұл жолы да, тіпті бір жұма бойы хабар-ошақсыз ғайып болады. Қиялы қырық, ойы он Қазанбасты жер жұтып алғандай. Алаңдаушылығын білдіріп, мұғалімдері үйіне барады, үйі қаңырап бос тұр екен. Амалы таусылған іздеушілер көршілерінен жөн сұрады. Олар жағымсыз хабар жеткізді: анасы ауыр сырқаттан қайтыс болған, қарындасы аштан о дүниеге аттанған-ды. Ал Қазанбастың өзінен хабар жоқ. «Жын ұрып кеткен шығар» деп топшылайды ұстаздар қауымы. Бәлки, солай да шығар.
Мерт болды ма, әкесін іздеп кетті ме, әлде армандарының орындалуын қалап кетті ме — ол жағы беймәлім. Сыныптастарының «құтылдық-ау» деп төбесі көкке жетсе, мұғалімдері жоқтау айтумен шектелді. Жан дегенде жалғыз серігі «соңғы партаның» сағынатыны һәм бос тұратыны аян.
«Станция самалы» новелласы
3 июня 2011 18:29, Admin:
Оставить комментарий