Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда — Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет!

    127114809848_placeҚасиетті 362 әулиелі Маңғыстау деп халық бекерге айтпаса керек. Ия, шындығында сүрінгенде «Бекет» дейтін халық емеспіз бе? Бекет атаны танымайтын адам жоқ десем, ешкім де таң қалмас. Бекет ата Мырзағлұлы – батыр, көріпкел, ағартушы, сәулетші. Кішкентай кезінен білімге ұмтылған, ерекше дарынды, парасатты болған. Хорезмде Пақыржан хажыда оқыды. Көпшіліктің бойында бола бермейтін ерекше көріпкелдік қасиетімен адамдарға қол ұшын берген. Онымен қоса халықтың қазіргі таңда да қиыншылық жағдайда «Я, Бекет!» деп жәрдем тілеуін жиі естиміз. 63 жасында қайтыс болған, аты аңызға айналған, есімі жадымызда алтын таңбамен жазылған «Бекет ата» сәулетті өнер ескерткіші Үстірттің батыс жағындағы Оғыланды жерінде орналасқан. Бұл мешіт төрт бөлмеден тұрады. Сол жерде Бекет өмір сүріп, бала оқытқан көрінеді. Ал оның сәулет өнеріндегі шеберлігін мына деректен байқауға болады. «Бекет ата» ескерткіші туралы 1821 жылдарда Үстіртте болған ғылымның шоқтығын шығарып, айдынын көрсететін сондай білімдар кісілердің, ғалымдардың бірі Э.Эверсман былай деп жазып қалдырған екен: «Үстірттегі таудан қашап жасалған мешіт парсы, араб, татар жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткішті Бекет төрт жерден жасаған. Оның бірі – Оғыландыда, екіншісі – Бейнеуде, үшіншісі – Жем бойында, төртінші – Арал жағасындағы Баялыда. Оның бірінде – қыста, бірінде – күзде, бірінде – көктемде, бірінде – жазда болады екен».
    Күз мезгілі еді. Бір күні үйге қонаққа Атыраудан әжем келген болатын. Аз уақытқа келген әжем аяқ астынан, ойламаған жерден: «Бекет атаға барамыз,»- деп ердің құнын екі ауыз сөзбен аяқтады. «Киесіз ел, иесіз жер болмайды» демекші, мен, өз басым осы аталмыш қасиетті, киелі жер туралы көп естігенмен, барып көрген емеспін. Міне ғажап, сәті түскеніне де өзім іштей қуандым. Келесі күні таң атысымен жолға шықтық. Жолда көптеген бекеттерге, аялдамаларға: Қараман ата, Шопан ата сынды жерлерге тоқталдық. Анам да жолда Бекет атаның қасиеттілігіне өзінше көз жеткізді. Мән-жайын сұрағанда, ол: «Құдайдың құтты күні басым ауыратын еді, ал бүгінгі күн ерекше, қайталанбас, сөзбен жеткізе алмайтын керемет халде отырмын!»-деп, кенеттен таңдай қақты.
    Көп ұзамай Қараман атаға жетіп те қалдық. Бұл атаның ескерткіші ерекше араб жазуларымен безендірілген. Олардың арасында қылыштың, екі өркешті түйенің суреттерін аңғармай кетуге болмайды. Бұл зират ішіне кіргенде ағаш бұтағын,әр түрлі пішіндегі тастарды, тастардың арасында ішіне адыраспан салынған бір тостағанды көрдік. Әрине, адыраспан болған соң, оны отқа жағады. Оған кіріп, міндетті түрде осы адыраспаннан шыққан буын бетке сипап шығу керек. Оның түпкі мағынасы – адам бойындағы күнәларды, жаман қасиеттер және ауруларды осы отын өзімен бірге ауаға алып кетсін деген мағынада.
    Мінеки, қас қағым сәтте, көзді ашып-жұмғанша Шопан ата жеріне де ат басын тіредік. Бұл жердегі үйлерде кең жайылған дастарқаннан ауыз тиіп болған соң, одан әрі қарай Шопан ата ескерткішіне бағыт алған болатынбыз. Оның өзі де біраз жол. Зиратына кіріп бас иіп, арт жағыңмен босағадан шығу бұл жердің тәртібі, заңы болып табылады. Бір ғажабы, мұнда биік, жуан, иіліп майысқан ағаш бар. Жерге қарай майысқан жерінен өткен адамның бел омыртқасы ауырмайды деген халқымызда ырым бар екен. «Киелі ағаш» деп аталуы осы себептен болса керек. Ол Шопан ата зиратынан шыға берісте өсірілген. Енді бұл жерден шығып, ат басын арман тұтқан, аңсаған, қызыға асыққан көзімізді «сабасына түсіру» үшін діттеген жерімізге бұрдық .
    Міне, көптен күткен сәт. Бекет атаға келдік. Мұнда жылына мыңдаған адам келіп зиярат етеді. Арнайы келушілердің түнеп шығуы үшін дайындалып қойған мешіт бар. Ол жерде де күні бойы дастархан жаюлы тұрды. Бекет ата ескерткішіне барар жолдың кілтін ашқан соң, төменге баспалдақтармен бағыт алдық. Жол бойында Бекет атаның пайдаланған су бұлағынан «шипа болсын!» деп су іштік. Алуан түрлі жануарлар мекендейді екен. Соларды Бекет ата бағады деген халық арасында сенім бар. Бел ағашымен қатерлі ауруларды емдеген. Бекет ата ескерткішіне, мешітіне кіргенде барлық бөлмесінде ауа температурасы бірқалыпты екеніне көз жеткізесін. Сондай-ақ, мешіттің ішінде сөйлескен адамдар мен оқылған құранның дауыстары барлық бөлмеге бірдей деңгейде естіліп отырады. Қонақтарға арналған мешітте ет асып, кешке таман ұлы астан ауыз тиюге дастархан үстіне шақырды. Содан әйелдер бөлек, ер жігіттер бөлек бөлмелерде ұйықтады. Таңға жақын ауылға қайттық. Бұл күн – ұмтылмас күндердің бірі.
    Сонау Еуропадағы Парижге, не болмаса Ұлыбританияға, шет елдерге барғанша, өз жеріміздің жауабы табылған сұраққа, кілті ашылмаған жұмбаққа ізденіс жасап, өз тарихымызды білгенге не
    жетсін?!

    Оставить комментарий